
Қоғамның басты құндылығы – адам денсаулығы
Жаздың жайма-шуақ күндерінде тойланатын жарқын мерекенің бірі – Медицина қызметкерлері күні.
Денсаулық – адам үшін баға жетпес байлық. Бұл құрмет пен алғысқа бөленген, қай кезде болмасын әрдайым сенімділікті сақтайтын, асқан шеберліктің иесі ақ халатты абзал жандардың мейрамы. Осыған орай аудандық аурухананың бас дәрігері Темірхан Бегисбаевпен арнайы барып сұхбаттастық.
– Темірхан Серікболұлы, өзіңіздің еңбек жолыңыз туралы айтып өтсеңіз. Отбасыңызда дәрігерлер бар ма? Әңгімемізді осыдан бастасақ.
– Еңбек жолыма келетін болсақ, әулетте мен алғашқы дәрігермін. Бала күнімнен ақ халат киген дәрігерлерге қатты қызығатынмын. Ауылды жерде тұрған соң ауырған адамдарға көмектессем деп армандайтынмын. Осы арманымды жүзеге асыру мақсатында 9 кластан кейін медучилищеге түсіп, оны аяқтаған соң бір-екі жыл еңбек еттім. Содан кейін жолым болып Қарағанды медицина академиясының емдеу факультетіне оқуға түсіп, оны 2003 жылы аяқтадым. Диплом алған соң Қостанай облыстық ауруханасына келіп, жұмысқа орналастым.
– Әулиекөл аудандық ауруханасына қашан басшы болып келдіңіз? Қандай қиындықтарға кездестіңіз.
– Бас дәрігер болып тағайындалғанша облыстық ауруханада хирург болдым. Бұл мекемені басқарып келе жатқаныма биыл үшінші жыл. Аудандық аурухана ірі көлемді аурухана қатарына жатады. Қарамағымызда 490-нан астам қызметкер бар, соның 69-ы дәрігер, 232-і орта буын мамандар, қалғандары санитар және техникалық қызметкерлер Емделушілерге арналған 120 орын бар, емхана күніне 200 адамды қабылдайды.
Жаңа басшы ретінде алдымен ұжымдағы адамдардың сеніміне кіруге, бірлесіп еңбек етіп, артымнан ертуге тырыстым. Келе-келе қызметкерлермен тіл табысып, сапа жағын жақсартып, келушілердің сенімінен шығу және аурухананы дамыту екенін түсініп, тонның ішкі бауындай еңбек етіп отырған жайымыз бар.
Әрине, аурухана үлкен болған соң қиындығы да болады, өйткені, жөндеу жұмыстары болсын, құрал-жабдықтың дұрыс істеуі, оны қадағалау жұмыстары бар. Егер жоспарлы түрде жұмысты алға қойсақ әр қиыншылықтан шығудың жолдары бар.
– Сіз ауданға бас дәрігер болып келгелі қандай заманауи технологиялар сатып алынды? Бүгіндері осы жаңа құрылғымен қандай ауруларға ота жасалды?
– Мен басшымен қатар, интервенциялық кардиологпын. Облыстық ауруханада алғаш рет ангиография деп аталатын жаңа емдеу технологиясымен жүрек-қан тамырларына ота жасадық, сондықтан Әулиекөлде осы әдісті жалғастырғым келді. Сондықтан өзім жұмыс істеген жаңа ангиограф және КТ аппараты сатып алынды. Жаңа заманғы құрылғымен науқастарды коронарографиямен тексеріп, ота жасауға кірістік. Он шақты адамға электрокардиостимулятор құрылғысы қойылды. Олардың барлығы өзіміздің бақылауымызда, алты ай сайын, бір жылдан кейін де тексерілуге келіп тұрады. Осы уақыт ішінде 500-ден артық ота жасалды.
– Сіздердің бүгіндері травматологиялық оталар да жасап жатқандарыңыз туралы газет бетінде жазылды. Ол үшін тәжірибелі мамандар бар ма? Осыған тоқталсаңыз.
– Егер бұрын аудан тұрғындары үлкен қалаларға барып тізе және жамбас буынын ауыстырса, қазір қалаға барудың қажеті жоқ. Бүгіндері аудандық ауруханада ондай оталар жасаудамыз. Ол үшін қаладан жақсы-жақсы мамандарды кеңесші, негізгі оператор ретінде шақыртамыз. Мұндай мамандардан біздің травматологтар, хирургтар үйренуде. Жас мамандар екі-үш жылда тәжірибе жинап, өздері де ота жасайтын болады.
Үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап варикоз веналарына елу шақты науқасқа ота жасалды. Олардың жағдайлары жақсы, келіп тексеріліп тұрады. КТ құрылғынсын барынша пайдалану үшін оны оқитын мамандарды шақыртамыз.
– Қазіргі кадрлармен қамтамасыз ету деңгейі қандай, мамандар жеткілікті ме? Жас мамандар ауданға еңбек етуге келе ме?
– Мамандар жеткілікті. ультрадыбыстық зерттеу маманы керек, оны қаладан шақыртамыз. аптасына үш рет келіп көмектесіп тұрады. Онколог дәрігер тапшы.
Жыл сайын жас мамандарды қабылдаймыз, үйретеміз. Олар негізінен жалпы тәжірибелік дәрігер болып шығады. Кейіннен қалауы бойынша біліктілігін көтеру үшін резидентураға түсе ме, оны өздері біледі. Осы ауылда туып-өсіп, оқуын бітіріп туған ауданына оралған жас мамандар бар.
– Халық тарапынан болатын ескертулер мен ұсыныстарды қалай қабылдайсыздар?
– Заман талабы бойынша инстаграм жүйесі, сайттарымыз бар. Арнайы науқастарға көмек көрсететін жеке құрылымдық жүйе бар, оның өзінің жетекшісі және құрамында мамандар бар, олар медициналық көмектің сапасын, халықтың пікірін ескеріп, аналитика жасайды. Халық тарапынан болатын ескертпелерге құлақ асып, тұрғындардың көңілі толмайтын жағын қалпына келтіруге тырысамыз.
– Дәрігердің ең маңызды қасиетін атап өтсеңіз.
– Басты қасиеті – емделушілерге жүрек жылуын беріп, мейірімді болу. Адам баласы жайдан-жай ауруханаға келмейді, бір жері ауырған соң ғана дәрігерге келеді. Келген адамды жылы жүзбен қарсы алсақ, мен ойлаймын, науқас жан жанына елу пайыз ем алады. Екіншіден, біліктілікті жетілдіріп отыру керек. өйткені, медицина саласы күннен күнге жаңалыққа толы.
– Үлкен мекемеге басшы болу және дәрігерлікті қатар алып жүру қиынға соқпай ма?
– Адамның өмір барысында алға қойған мақсаттары, ойлары болады. Дәрігер болғаныма жиырма жылдан аса уақыт өтті. Мен дәрігер ретінде шыңына жеттім деп айта алмаймын, бірақ осы жылдарда жинаған тәжірибем менің жалғыз басыма ғана емес, бүкіл халыққа, қарамағымдағы қызметкерлерге көмектесіп жатса, онда мен тек айналамдағы емес, ауқымды көлемде елге көмектесе алам деген мақсатпен басшы мамандығына келдім. Осы мақсатым іске асып халықтан алғыс алып жатсақ, онда біздің еңбегіміздің ақталғаны.
Ұйымдастырушы және емдеуші дәрігерлікті қатар алып жүру, әрине, қиын. Дегенмен өмірлік таңдап алған мамандығымды қимаймын. Жүрекке көп ота жасадым және жасап та келемін.
– Бүгіндері жүрекпен ауыратын пациенттердің дені көбейді, осыған тоқталып кетеңіз.
– Менің пациенттерімнің көпшілігі жүрегі ауыратын егде адамдар. Үлкен адамдар қабылдауға келгенде оларға сыйластық танытамын, өйткені, құрметпен қарасаң, ол кісілер дәрі жаздырмай-ақ сенің жылы сөзіңе қанағаттанып, кабинетіңнен алғыспен шығады. Қазіргі таңда, өкінішке орай, жүрек ауруы жасарып келеді.
– Осындай қиын мамандықта мотивацияны қайдан аласыз?
– Ең бірінші, науқас жанның алғысын алғанда жүрегіңде қуаныш ойнап, ол көңіліңе үлкен мотивация. Екіншіден, үлкен мекеменің басшысы болғаннан кейін қарамағыңдағы қызметкерлердің жағдайы жақсы болса, олар қызметін үлкен құлшыныспен атқарып жүргеніне көзім жетсе, онда мотивация одан да жақсы болады.
Менің өмірдегі кредом – кез келген нәрсені жақсылыққа баулу, қиындықтың әрқашан да уақытша екеніне сену, әр қиындықтың арты жақсылыққа ұласатыны анық. Соны біле тұра, мен ойлаймын, қандай қиындық кездессе де егер мен осыны жеңіп шықсам, осыны бағындырсам, әріқарай жақсылық болатынына сенемін. Осы менің мотивациям.
– Сіз әркез біліктілігіңізді жетілдіріп отырасыз.
– Медицина саласы күннен күнге дамып келеді. 2009-2011 жылы «Болашақ» бағдарламасы арқылы өзіме жақын кардиология саласы бойынша болғандықтан білімімді жетілдіріп, жаңа заманғы технологияларды игергім келді. Осы мақсатта Израил, кейін Франция, Италия елдерінде тәжірибеден өтіп келдім. АҚШ-та және тағы басқа елдерде халықаралық конференцияларға қатыстым, журналдарда шыққан мақалаларды ағылшынша оқи беремін. Алған білімімді жетілдіргеннен кейін оны қорытындылап, докторантураға түстім. Алматы қаласында «Кардиологиялық көмек көрсету саласын ұйымдастыру» тақырыбында диссертация жазып, оны қорғап шықтым. Сөйтіп, 2023 қаңтар айында «Доктор PhD» атағым алдым.
-Темірхан Серікболұлы, көкейімдегі мына бір сұрақты қойғым келеді. Дәрігерден бос уақытың бар ма деп сұраудың өзі ыңғайсыз. Сіз өте белсендісіз, мәдениет үйінде өтетін мерекелік іс-шарада жүргізуші, бірде театр актері болып жүресіз. Осыған қалай уақыт табасыз?
– Мектепте ұстаздарымның берген тапсырмасын орындап, мерекелік іс-шараларда жүргізуші болдым. Өнер мектебінің баян класын бітірдім. Үздік оқушы болғандықтан 7 сыныпта Халықаралық Артек балалар лагеріне бардым. Содан кейін мектептерде класс сағаттарына шақырып, кездесу өткізді. Осылайша, мен үлкен және кіші кластастарыма үлгі болдым. Ер азамат болғанымда да әрқашан өнегелі ісіммен үлгілі болып, әрқашан белсенді болуға тырысамын.
Мен әжемнің баласымын, өнерге қанша жақын болсам да дәрігерлікті таңдадым. Дәрігердің бос уақыты болмайды, күнде жаңалықтар шығып жатыр, жаңа дәрі, жаңа методика, өзің оны білмесең, халық қалай түсінеді. Сондықтан әркез біліміңді жетілдірумен уақытың өтеді. Әрине, бар жағынан үлгі болу үшін ауданның қоғамдық өміріне де уақыт тауып қатысамын. Бұл менің хоббиім.
– Отбасыңызға тоқталсақ.
– Біз дәрігер жанұямыз, жұбайым акушер-гинеколог дәрігер. Екі ұлым бар. Үлкенім Астанада бакалавр ақпараттық-технологиялар факультетін бітіріп, диплом алып, магистратурада оқып жатыр, ІТ саласының маманы. Кенжем 11-сыныпқа көшті, ол болашақта экономика мамандығын таңдап отыр.
– Медицина қызметкері күні әріптестеріңізге айтар тілегіңіз.
– Бұл кәсіби мерекемізді ерекше күтеміз, бізді мақтайтын, мадақтайтын күні қуанамыз. Ең бірінші, осы салада жүрген әріптестеріме денсаулық, екіншіден төзімділік тілеймін. Өйткені, адамның өміріне жауапты болғаннан кейін барлығымызға төзімділік керек. Төзімділік болса бәрін жеңіп шығуға болады, үшіншіден, біздің қоршаған жанұямыз, ата-анамыз, бала-шағамыз аман болса, жұмысқа алаңсыз кірісіп, өзіміздің міндетімізді мінсіз атқарып шығатынымызға сенімдімін. Қасымыздағы жақын жандарымыз аман болсын деп тілеймін.
– Ақжарма сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Жұмакүл СЫЗДЫҚОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31