
«Келешек мектеп» – ауылды ұстап қалудың кепілі
Мемлекеттік тілде білім беретін заманауи мектептер ауыл өмірін жандандырып, солтүстік өңірлерде халықтың тұрақтауына ықпал етуде.
Қазіргі таңда еліміздің білім беру жүйесінде ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Соның айқын дәлелі – «Келешек мектеп» ұлттық жобасы. Бұл бастама сапалы білім беру ортасын қалыптастыруға, оқушыларға қауіпсіз әрі заманауи жағдай жасауға бағытталған.
«ТИ» ақпараттық агенттігінің тілшілері Қостанай облысында ұлттық жоба бойынша салынған ауылдағы мектепке барып, жалпы сол ауылдың тыныс-тіршілігімен танысты. Оған қоса екінші солтүстіктегі өңірлердің бірі Павлодар облысындағы ауылдағы келешек мектеп жайында ақпарат іздестірді.
ҰЛТТЫҚ ЖОБА ЖАЙЫНДА
Жалпы Қазақстан бойынша ұлттық жоба аясында барлығы 217 мектеп салынуда, олар 460 мың оқушы орнын қамтамасыз етеді. Оның ішінде 2024 жылы 105 мектеп, яғни 254 мың орын пайдалануға берілді. Ал 2025 жылы тағы 112 мектеп іске қосылады деп жоспарлануда. Бүгінгі таңда бұл 112 нысанның 68-інде құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталған, қалған 44 мектеп жыл соңына дейін тапсырылмақ.
Министрліктің мәліметінше, бұл жобалар елдің барлық өңірлерін, соның ішінде ауылдық аймақтарды да қамтиды. Мектептердің нақты орналасуы мен қуаттылығы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 30 қарашадағы №963 қаулысында бекітілген. Бұл құжатта әр өңір бойынша мектептердің саны мен олардың жобалық қуаты егжей-тегжейлі көрсетілген.
— Келешек мектептердің салынуы елді мекендердің халық тығыздығына, оқушы санына және қашықтығына байланысты жүзеге асырылады. Шешім қабылдау кезінде министрліктің 2022 жылғы 6 мамырдағы №185 бұйрығымен бекітілген «Білім беру ұйымдарының желісіне қойылатын мемлекеттік кепілдік нормативтері» басшылыққа алынады. Бұл құжатта мектептердің аумағына, сыныптардың саны мен көлеміне, инженерлік инфрақұрылымға және басқа да талаптарға нақты стандарттар белгіленген, — дейді Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі.
Министрлік түсіндіргендей, жаңа мектеп салу туралы бастаманы алдымен жергілікті атқарушы органдар – аудандық немесе облыстық әкімдіктер көтереді. Ал жобаны бекітіп, жүзеге асыруды Оқу-ағарту министрлігі үйлестіреді. Мұндай тәсіл халық саны өсіп жатқан елді мекендерде мектеп тапшылығын азайтуға және білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаңа мектептер заманауи талаптарға сай жарық әрі қауіпсіз кабинеттермен, IT-зертханалармен, кітапханалармен, спорт және коворкинг залдарымен жабдықталады.
«Келешек мектеп» жобасы тек жаңа ғимарат салу емес, ол – білім сапасын теңестірудің маңызды тетігі. Қала мен ауыл арасындағы айырмашылықты жою, балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасау – ұлттық жобаның басты мақсаты. Ауылдық жерлерде де үлкен өзгерістер байқалады: жаңа мектептерде интерактивті тақталар, мобильді кітапханалар, бейнебақылау жүйелері орнатылып, балалардың қауіпсіздігі мен жайлылығы басты назарда тұр.
Мамандардың айтуынша, бұл бастама – ел болашағына салынған инвестиция. Өйткені бүгінгі бала – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын тұлға. Оның білім алу ортасы да заман талабына сай болуы тиіс. Министрлік өкілдерінің пікірінше, «Келешек мектеп» ұлттық жобасы білім беру сапасын арттырып қана қоймай, өңірлердің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауылдық жерлерде жастардың тұрақтауына ықпал етеді.
АУЫЛДЫҢ ЖАРҚЫН КЕЛЕШЕГІН ҚАЛЫПТАСТЫРАДЫ
Президент «Келешек мектеп» ұлттық жобасының басты мақсаты – ауылдардағы апаттық және үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу екенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл жобаның жүзеге асуы білім сапасын арттырумен қатар, ауылды жерлердің әлеуметтік дамуына серпін береді. Әсіресе, мемлекеттік тілде оқытатын жаңа мектептердің салынуы солтүстік өңірлерде тілдік ортаның қалыптасуына оң ықпал етіп отыр.
Мысалы, 2023 жылы Павлодар облысы, Қаражар ауылында 650 миллион теңгеге салынған 100 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұл – «Келешек мектеп» жобасының алғашқы жемістерінің бірі. Екі қабатты жаңа білім ордасы ескі, 1958 жылы салынған тозығы жеткен ғимараттың орнына бой көтерді.

2023 жылы Павлодар облысы, Қаражар ауылында 650 миллион теңгеге салынған 100 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді/ сурет www.gov.kz сайтанын
Жаңа мектептің ашылу салтанатына сол кездегі ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Павлодар облысының әкімі Асаин Байханов, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өз сөзінде елдегі білім беру инфрақұрылымын дамыту – Үкіметтің басым бағыттарының бірі екенін айтты. Павлодар облысының әкімі Асаин Байханов та тұрғындарды тарихи оқиғамен құттықтап, ауылдың даму әлеуетіне тоқталды.
— Қаражар ауылы үшін жаңа мектептің ашылуы — үлкен қуаныш. Бұл — ауылдың болашағына жасалған маңызды қадам. Мұнда туризмді дамытуға, Мырзашоқы аумағында шаңғы базасын салуға мүмкіндік бар. Ал мектеп — ауыл өмірінің өзегі, оның келешегі мен тұрақтылығының кепілі. Енді жас отбасылардың ауылға келіп, осында өмір сүруге ынтасы артады деп сенемін, – деді аймақ басшысы.
Жаңа мектеп құрылысы 2023 жылы көктемде басталып, қысқа мерзімде аяқталды. Жоба құны – 650 миллион теңге. Құрылыс «ERG» тобының қолдауымен жүзеге асырылып, «ЕвроТехСтрой-2003» ЖШС мердігерлік етті.
Бүгінде екі қабатты заманауи ғимаратта 11 оқу кабинеті, шеберхана, спорт және конференц-зал, IT-сыныптар, асхана мен шағын орталық бар. Мектеп ауласы да көркейтіліп, ашық спорт алаңы салынды. Қазір мұнда 100-ге жуық бала білім алуда.

Жаңа мектептің ашылу салтанатына сол кездегі ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Павлодар облысының әкімі Асаин Байханов, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты / сурет www.gov.kz сайтанын
— Бұл мектеп — біздің ауыл үшін үлкен сый. Ол тек оқу орны емес, ауылдың мәдени және интеллектуалды орталығына айналады, — дейді қуанышын жасырмаған қаражарлықтар.
Айта кетейік, бұл Павлодар облысында 2023 жылы ашылған жалғыз жаңа мектеп емес. Қыркүйекте Железин ауданының Моисеевка ауылында да апаттық мектептің орнына жаңа оқу ошағы – Мағжан Жұмабаев атындағы мектеп пайдалануға берілді.
Жалпы, 2023 жылы өңірде 54 мектепті жаңғыртуға бюджеттен 6,4 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл қаражат мектеп жиһаздарын жаңартуға, асханалар мен кітапханаларды модернизациялауға, қауіпсіздік жүйелерін орнатуға бағытталды. Барлық жұмыстар толық аяқталды. Мұндай ауқымды құрылыс пен жаңғырту өңір тарихында алғаш рет жүзеге асырылып отыр.
Сол кездегі оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Павлодар облысына іссапары барысында мәслихат депутаттарымен де кездесті. Кездесуде министр саладағы басым бағыттарды атап, өңірдегі білім сапасын арттыруға қатысты ұсыныстар мен пікірлерді тыңдады.
Қостанай облысында да биыл «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңа мектептің құрылысы басталды. Бұл – ауылдардағы оқушыларға тең мүмкіндік беріп, сапалы білімге қолжетімділікті арттыруға бағытталған маңызды бастама.
Костанай облысы Білім басқармасының мәлімдеуінше, жаңа мектеп салу бастамасы ең алдымен аудандық немесе қалалық білім бөлімдерінің ұсынысынан басталады.
— Біз әр аудан мен ауылдағы демографиялық жағдайды, бала санының жыл сайынғы өзгерісін үнемі сараптап отырамыз. Егер оқушылардың саны күрт өсіп, бар мектептерде орын жетіспеушілігі байқалса, жаңа мектеп салу қажеттілігі туралы ұсыныс енгіземіз. Бұл ұсыныс облыстық білім басқармасына жолданып, ары қарай тиісті салалық басқармалармен келісіліп, республикалық деңгейде қаралады, — дейді басқарма өкілдері.
Мектеп құрылысына қатысты өтініш бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен аудандық немесе қалалық бөлімнен келіп түскен құжат облыстық басқармада қаралып, облыс әкімдігі мен құрылыс басқармасы тарапынан ресурстық және инфрақұрылымдық мүмкіндіктер бағаланады. Содан кейін құжаттар Оқу-ағарту министрлігіне, әрі қарай Қаржы министрлігіне жолданады.
Бұл көпсатылы процесс жоспарлаудың, қаржыландырудың және құрылыс сапасының жоғары болуын қамтамасыз етеді.
-Басты мақсат — әр баланың қауіпсіз, жылы әрі заманауи жабдықталған мектепте оқуына жағдай жасау. Сондықтан тек қазіргі жағдай емес, болашақтағы демографиялық өзгерістер мен көші-қон үрдістері де ескеріледі, — дейді Костанай облысы білім басқармасының өкілі.
МЕКТЕПТЕР ҚҰРЫЛЫСЫНЫҢ БАРЫСЫ
«Келешек мектеп» жобасы аясында ел бойынша 217 мектептің құрылысы жоспарланған, жалпы 460 мыңнан астам оқушы орнын қамтиды. Оның ішінде Костанай облысында 6 мектептің құрылысы қарастырылған, жалпы сыйымдылығы — 4500 орын.
Бүгінгі таңда 5 мектеп пайдалануға берілген:
- Костанай ауданы, Заречное ауылы – 900 орындық (ашылған күні: 2024 жылғы 4 қараша);
- Арқалық қаласы, Абай даңғылы бойында – 300 орындық (ашылған күні: 2024 жылғы 6 қараша);
- Костанай қаласы, «Аэропорт» шағын ауданы – 900 орындық (ашылған күні: 2025 жылғы 15 қаңтар);
- Костанай қаласы, «Береке» шағын ауданы – 1200 орындық (ашылған күні: 2025 жылғы 15 қаңтар);
- Әулиекөл ауданы, Құсмұрын ауылы – 300 орындық (ашылған күні: 2025 жылғы 2 қыркүйек).
Алтыншы мектептің құрылысы аяқталу сатысында.
Жаңа мектептер ашылғаннан кейін өңірдегі оқушылардың жағдайы айтарлықтай жақсарды.
Мәселен, Костанай ауданындағы «Заречное №1 мектебінде» бүгінде 760 бала білім алады, оның ішінде мектепалды даярлықта — 58 оқушы. Арқалық қаласындағы №7 мектепте 452 бала (оның ішінде 47 – мектепалды даярлықта) оқиды. Костанай қаласындағы «Береке» ықшамауданындағы №31 мектепте 1165 оқушы (оның ішінде 65 – мектепалды даярлықта), ал «Аэропорт» ықшамауданындағы №32 мектепте 568 бала білім алуда. Әулиекөл ауданының Құсмұрын №1 мектебінде 235 оқушы бар.
— Бұрын кейбір ауылдарда балалар үш ауысыммен оқитын. Қазір жаңа мектептердің ашылуының арқасында бұл мәселе жойылды. Сонымен қатар оқушылар үшін заманауи кабинеттер, зертханалар, спорт және акт залдары қарастырылған. Бұл оқу процесінің сапасын арттырып, балалардың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді, — дейді облыстық білім басқармасы.
Мектептердің құрылысы республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Тапсырыс беруші — «Samruk-Kazyna Construction» АҚ, ол Оқу-ағарту министрлігінің тапсырмасымен жобалау-сметалық құжаттарды әзірлеуді және құрылыс жұмыстарын ұйымдастыруды жүзеге асырады.

Қала мен ауыл арасындағы айырмашылықты жою, балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасау – ұлттық жобаның басты мақсаты
Құсмұрын кенті – Әулиекөл ауданының ең ірі әрі әлеуеті зор елді мекендерінің бірі. Тарихы терең, табиғаты көркем бұл ауылдың бүгінгі тынысы ерекше серпінді. Соңғы жылдары елді мекеннің келбеті айтарлықтай өзгеріп, жаңа нысандар бой көтеріп, тұрғындардың тұрмыс деңгейі жақсарып келеді.
— Бүгінгі таңда Құсмұрында 8000 мыңға жуық адам тұрады. Бізде 3178 жанұя бар. Келетін, кететін адамдар да бар. Біздің кентімізде екі теміржол зауыттары бар. Сол зауыттарға басқа өңірлерден келетін жұмыскерлер де бар. Әсіресе, жастар үшін жақсы тәжірибе алатын жер. Жалақы да жақсы, — дейді ауыл әкімі Абидулла Абжанов.
Кенттің даму жолы өткен ғасырдың ортасынан бастау алады. Бір кездері мұнда әскери госпиталь орналасқан ғимарат кейін 1950 жылдардың соңында мектепке айналды. Сол уақыттан бері онда бірнеше ұрпақ білім алып, ауылдың рухани және мәдени орталығына айналды. Ескі мектеп қабырғасынан қаншама түлек түлеп ұшты, бүгінде олардың көбі әр салада еңбек етіп жүр. Ал биыл Құсмұрын тұрғындары үшін тарихи оқиға орын алды – жаңа, заманауи мектеп есігін айқара ашты.

Қостанай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, түзету мекемінде 150 ден аса маман қызмет арқарған
Бұл білім ордасы – «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған нысандардың бірі. Жобаның басты мақсаты – апаттық және үш ауысымды мектептердің мәселесін шешіп, балалардың қауіпсіз әрі жайлы ортада білім алуына жағдай жасау. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бұл бастама – ауыл мен қала арасындағы білім сапасын теңестіруге бағытталған маңызды қадам.

Білім алу ортасы да заман талабына сай болуы тиіс
Құсмұрын кентінің әкімі Абидулла Абжановтың айтуынша, жаңа мектептің ашылуы ауылдың әлеуметтік дамуына үлкен серпін берген.
— Құсмұрын кенті – ауданымыздың маңызды нүктелерінің бірі. Соңғы жылдары елді мекеннің инфрақұрылымы жаңарып, тұрғындардың өмір сүру сапасы артып келеді. Жаңа мектептің салынуы – соның айқын дәлелі. Бұл тек білім беру нысаны емес, ауыл жастарының болашағына салынған инвестиция. Біз алдағы уақытта да әлеуметтік нысандардың құрылысын жалғастырып, ауылды көркейту бағытында жұмыс істейміз, – деді әкім.
Ауыл тұрғыны, көпбалалы ана Лейла Шебекова бұл өзгерістерге ерекше қуанышты. Оның айтуынша, екі үлкен баласы кезінде ескі мектепте оқып, кейін жоғары білім алу үшін қалаға кеткен. Енді отбасы қайта Құсмұрынға оралыпты.
— Жаңа мектептің салынғанына өте қуаныштымыз. Бұрынғы ғимарат ескі әрі тар болатын, әсіресе қыс мезгілінде суық болатын. Қазір бәрі өзгеше – кең, жарық, жылы. Балаларға барлық жағдай жасалған. Мұндай игі істер ауыл тұрғындарының үмітін арттырады, – дейді ол.
Құсмұрынның бүгінгі бет-бейнесі соңғы жылдары айтарлықтай өзгерген. Кентте мектептен бөлек, балабақша, аурухана, мәдениет үйі және коммуналдық қызмет көрсететін кәсіпорындар жұмыс істейді. Сондай-ақ көшелер абаттандырылып, жарықтандыру жүйесі жаңартылған. Бұрын мұнда орналасқан түзету мекемесі жабылған соң көптеген отбасы өзге өңірлерге көшіп кеткен еді. Қостанай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, түзету мекемінде 150 ден аса маман қызмет арқарған. Олардың барлығы мекеме жабылғаннан кейін әр өңірге жұмысқа орналастырылды. Барлығы отбасыларымен басқа жерлерге көшіп кетті. Дегенмен соңғы жылдары халық саны қайта өсіп келеді. Бұған ауыл инфрақұрылымының дамуы, жаңа жұмыс орындарының ашылуы және ең бастысы – тұрғындардың болашаққа сенімі әсер етіп отыр.

Әулиекөл ауданы, Құсмұрын ауылы – 300 орындық мектеп
«Келешек мектеп» жобасы – ауыл өміріне жаңа серпін берген бастама. Бұл тек білім беру саласындағы жетістік емес, ауылды сақтап қалудың, жастарды тұрақтандырудың тиімді жолы. Өйткені жаңа мектеп тек білім ордасы емес, ол ауылдың әлеуметтік, мәдени және рухани орталығына айналады. Мұндай жобалар ауылдық аймақтардың дамуына серпін беріп, тұрғындардың қалаға көшуін азайтады.
— Жобалық қуаттылығы 300 орын. Оқыту мемлекеттік тілде жүргізіледі. Мұндай мектептер елбасының бастамасымен, қолдауымен салынып жатыр. Ауылдағы балалар үшін бұл өте үлкен сыйлық. Қалалық және ауылдық мектептердің тең деңгейде дамып жатқандығы қуантады, — дейді мектеп директоры Анар Нұрқанова.

Ауыл тұрғындарының көбі теміржолда жұмыс істейді
Құсмұрын кенті бүгінде ауданның тірек елді мекендерінің біріне айналып келеді. Инфрақұрылымның дамуы, жаңа нысандардың салынуы және тұрғындардың белсенділігі – мұның бәрі ауылдың болашағына деген сенімнің белгісі. Тарихы терең, еңбегі ерен Құсмұрын бүгінде жаңаша тыныс алып, алға қарай нық қадам басуда.
АУЫЛ БОЛАШАҒЫН АЙҚЫНДАЙТЫН ЖОБА
Ауыл тұрғындары үшін басты мәселенің бірі – балалардың сапалы білім алу мүмкіндігі. Бұрын көптеген ата-аналар балалары жақсы білім алсын деп қалаларға көшуге мәжбүр болатын. Енді жаңа форматтағы Келешек мектептер бұл үрдісті тоқтатуға мүмкіндік беріп отыр. Заманауи үлгіде салынған мектептерде оқушылар үшін барлық жағдай жасалған: кең, жарық сыныптар, интерактивті тақталар, зертханалар, IT-сыныптар, спорт және акт залдары, кітапхана мен асхана — бәрі бір жерде. Мұндай мектептер ауыл балаларына қаладағы оқушылармен тең мүмкіндік береді.
Ляззат Серикова биылғы оқу жылы басталмай тұрып мектеп директорының міндетін атқарушы болған. Бұрынғы мектепте 20 жылға жуық уақыт қызмет атқарды. Қазір жаңа мектепте оқу ісі жөніндегі орынбасар.

Ляззат Серикова бұрынғы мектепте 20 жылға жуық уақыт қызмет атқарды
— Біздің бұрынғы мектеп қазіргі уақытта қосымша білім беру мекемесі ретінде жұмыс істейді деп жоспарлануда. Әрине, ол мектепке қарағанда жаңа мектепте барлығы заманауи. Қазір ұжымда 31 мұғалім бар, оның ішінде 6 жас мұғалім. Яғни, жуықтап алғанда ұжымның 20% пайызы жастар. Жас мамандар мектептің тыныс-тіршілігіне белсене қатысуда. Кабинеттерде заманауи құрал жабдықтардың болғанына байланысты мұғалімдерге арнайы мамандар келіп қалай қолдану керек екендігін үйретті, — дейді оқу ісі жөніндегі орынбасар.
Министрлік мәліметінше, жоба аясында алдағы жылдары жүздеген жаңа мектеп пайдалануға берілмек. Әсіресе солтүстік және орталық өңірлердегі елді мекендерге басымдық беріліп отыр. Өйткені дәл осы өңірлерде халық санының азаю мәселесі өзекті. «Келешек мектеп» жобасы ауылдан көшуді азайтып, халықтың өз жерінде тұрақтап қалуына септігін тигізеді.

Ауылда заманауи мектептің ашылуы – тек білім нысаны емес, тұтас қоғамның дамуына серпін береді
Маңызды жайттың бірі – жаңа мектептердің барлығы мемлекеттік тілде білім беретін оқу орындары ретінде бой көтеруде. Бұл – елдің солтүстік өңірлері үшін үлкен жетістік. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, балалардың қазақ тілінде сапалы білім алуы – ұлттық бірлікті нығайтудың маңызды тетігі. Қазақ тілінде білім алған ауыл балаларының өз туған жеріне деген сүйіспеншілігі артып, ұлттық рухы күшейетіні сөзсіз.
Мәселен, Павлодар облысының Қаражар ауылында 2023 жылы 650 миллион теңгеге 100 орындық жаңа мектеп ашылды. Ал биыл Қостанай облысының ауылында осындай жаңа мектептердің құрылысы жүріп жатыр. Мұндай мысалдар жобаның шын мәнінде өмір сапасын жақсартуға бағытталғанын көрсетеді.
Білім беру саласының мамандары да бұл жобаның әлеуметтік әсерін жоғары бағалайды.
— Ауылда заманауи мектептің ашылуы – тек білім нысаны емес, тұтас қоғамның дамуына серпін береді. Мұғалімдерге жаңа жұмыс орны, оқушыларға жаңа мүмкіндік, ал ата-аналарға сенім пайда болады. Бұл – ауылда өмір сапасын арттырудың ең тиімді жолы, – дейді облыстық білім басқармасының өкілдері.
«Келешек мектеп» жобасы – жай ғана құрылыс емес, ол – ауылдың болашағын сақтап қалудың символы. Әрбір жаңа мектеп – ауылдың тынысы, ауыл баласының үміті. Бүгінгі таңда елімізде осындай игі бастамалардың жүзеге асуы ауыл мен қаланың арасындағы теңдікті қамтамасыз етіп қана қоймай, ел бірлігін, тіл мен мәдениетті сақтаудың да кепілі болып отыр.

Соңғы жылдары халық саны қайта өсіп келеді
Қорытындылай келе, «Келешек мектеп» ұлттық жобасы – ел дамуының стратегиялық бағыты. Ауылдық жерде ашылған әрбір жаңа мектеп – сол өңірдің тұрақтылығы мен болашағына салынған инвестиция. Мемлекеттік тілде білім беретін заманауи мектептер – тек білімнің емес, ұлттық рухтың да ошағы. Осындай жобалар арқылы ауыл жанданып, ел еңсесі көтеріледі.
Бұл жарияланымды Internews жүзеге асырып жатқан «Шынайы әңгімелер көмегімен аудиторияның төзімділігін арттыру (CARAVAN)» жобасы аясында Еуропалық Одақ қаржыландырады. Оның мазмұнына тек қана «ТоболИнфо» жауапты және міндетті түрде Еуропалық Одақ пен Internews көзқарасын білдірмейді.
Аяжан СЕРIК, видеоны түсірген Абиль ДОЩАНОВ, Шафаис КАРИМОВ,
суреттерді түсірген Лариса БОЖКО
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31