Қолы шипалы жан
«Біздің Таня» – Калинин ауылының жоғары санатты фельдшері Тұрсын Асанова туралы бір үзік сыр
Ертеде бір даныш-паннан: «Дүниеде кім бақытты?» – деп сұрағанда ол: «Дүниеде көп адамды бақытқа кенелткен адам бақытты», – деп
жауап берген екен. Ауылдастарының ыстық ықыласына бөленіп отырған Калинин ауылы медпунктінің жоғары санатты фельдшері Тұрсын Асанованы сондай бақытты жандардың қатарына қоссақ, қателеспейміз.
Кейіпкерім Тұрсын Қасымтайқызын жергілікті халық біздің Таня деп ауыздарынан тастамай айтып жүретіндерін көп жылдардан бері естіп келемін. Көптің қалаулысы болған қолы шипалы жан туралы мақала жазудың сәті енді түсті. Тұрсын 1961 жылдың 29 қарашасында Семиозерда туған. Ата-анасы сәбиінің үш жасында Таран ауданына көшеді. Жас қыз мектеп қабырғасында жүргенде-ақ болашақ
мамандығын таңдап қойған. Жүрегі жұмсақ бойжеткенге неге екені белгісіз адам жанының ара-шашысы мамандығы қатты
ұнайтын, аурудан қиналып жүрген жандарды көргенде соларға көмектескісі келетін. Сондықтан да оның фельдшер болу бала күнгі арманы болашағымен сабақтасып, Қостанай медицина училищесінің фельдшерлік факультетіне оқуға түседі. Дипломды жас маман жолдамамен
Миялы ауылына келеді. Өз ісін жанындай сүйген қыз жұмысына белсене кіріседі.
Бес жылдан кейін Калинин ауылына ауысады. Міне, екі ауылдағы жұмыс өтілін қосқанда отыз жеті жылдан бері халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. «Фельдшер қандай болуы керек?» – деп сұрағанымда ол: «Бірінші кезекте фельдшер психолог болуы керек. Науқаспен
сөйлескенде сөзді де, ойды да талғап айту қажет. Өйткені, олардың арасында әртүрлі ауруы асқынған сырқаттар болады. Ондай жанның көңілін аулап, күш-қуат беріп, бір ауыз жылы сөз айтудың өзі неге тұрады», – деді ағынан жарылады. Негізінен Тұрсын Қасымтайқызы көп сөзге жоқ, ал жұмысы туралы айтқанда жүзі жайнап кетеді.
Ертеректе Калининде бес жүз адам тұрды, ал қазір 180 тұрғын бар. Мектепте қырық бір оқушы оқиды. Әр науқасқа карточка толтырылған. Бір жасқа дейін бес сәби, бір аяғы ауыр келіншек бар. Кабинеттер медициналық құрал-жабдықпен жабдықталған. Мектепте тағы бір медбике бар. Қолы шипалы фельдшер таңертеңнен кешке дейін мектепте жүреді. Қазіргі індет уақытында мектепке келген оқушылардың
қызуын арнайы аппаратпен өлшейді, барлық сақтық шаралары орындалады. Осылайша екі ауысымда оқитын шәкірттерді тексеріп отырады. Үлкен қоңырауда кабинеттер сулы шүберекпен сүртіледі және кварцтеледі. Арасында ем алуға науқастар келеді, шақыртуларға барады.
Бүгінде тұмауға қарсы вакцина салу басталды, сонда тұрғындар қыста тұмаумен ауыра қоймайды. Халық арасында санитарлық-ағарту жұмысын жүргізеді. Есепте тұрған қант ауруы, жүрек, созылмалы астмамен ауыратын науқастар әркез бақылауда ұсталады. Оларға көктемде және күз айларында система салады, тегін дәрі-дәрмектерін әкеліп береді. Балаларды егеді. Күні-түні бір тыным таппайды. Ауылдағы үлкен
кісілер ауыра қалса үйіне барып ем-дом жасайды. Талай рет қатты ауырған сырқаттарды ауданға өзі еріп барып ауруханаға жатқызды. Жанына шипа іздеп келген жандарға жүрек жылуын беріп, алғашқы дәрігерлік көмек көрсетеді. Ол қыстың қақаған аязында омбы
қарды омбылап, жаздың аптап ыстығында болсын ол науқас жанға асығады, көлік жоқ, әрқашан жаяу жүреді. Түннің бір уағында
сырқаттанып қалған науқасқа ем-дом жасайды. Жағдайы жоқ науқастарды көлік жалдап аудандық ауруханаға апарған кездері болды. Аяғы ауыр әйелдерді тексеріп, әсіресе, қыстың күні, оларды мерзімі жақындаса күнібұрын ауданға жібереді. Осы жылдар ішінде қаншама ананы аман-есен босануға перзентханаға жіберген екен. Бірақ, қанша сәби өмірге келгенін санап көрмепті. Мейірімді фельдшер қызмет кеткен жылдары бірде-бір сәби шетінеген жоқ және ана өлімі де болған емес. Ақ халатты жан үшін, ең бастысы, ана мен бала аман-есен болса,
сол зор қуаныш. Қазақы салтпен, әке-шешелері кіндік шеше бол десе де болмапты. Тек екі сәбиге ғана кіндік шеше. Олардың екеуі
де бүгінде үлкен азамат.Ең бастысы, өмірде өзі таңдап алған кәсібіне адал, қолы шипалы жанның алдына қойған басты мақсаты да – қолынан келгенше сырқат адамдарға көмектесу, ауылдастарының денсаулығын басты назарда ұстау. Оның бәрін бірдей қағаз бетіне сыйдыру мүмкін емес.
Тұрсын Қасымтайқызы қазақ қызына тән ибалы мінезімен, мәдениетті де парасатты қарым-қатынас жасау арқылы алдына келген адамның көңілін көтеріп, жан-жүрегіне жылылық ұялатады. Осы жылдар ішінде бірде-бір ауылдасымен ренжісіп көрмепті. Жанына шипа іздеп келген сырқат жанға қуаныш сыйлады, олардың алғысына бөленді. Ақ халатты абзал жан үшін осыдан артық атақ бар ма?
– Мен жұмысымды өте жақсы көремін. Өз ісіме бар талантымды салуға тырысамын. Алдыма келген сырқат жандарға күшіңді ғана емес, жүрегіңді де жұмсай білу керексің. Адамды дәрімен ғана емес, тілмен де емдеу керек. Өйткені, бәрі де саған үлкен үмітпен қарайды. Қызуын өлшейсің, қан қысымын тексересің, жүрек соғысын тыңдайсың, тамырын басасың, өзімен сөйлесіп, алдын ала болжайсың, ал осының бәрі керек. Мәліметтерге сүйеніп аурудың «атын» айқындайсың, егесің, дәрі бересің, болмаса ауданғажолдайсың. Әсіресе, тілі жоқ сәбилермен «түсінісу» қиын-ақ. Бірақ тілін табуға тиіспіз. Жақында ауылда есепте тұрған қария бір қорқытты. Дер кезінде ем-домын жасап едім, беті бері
қарады. Адамдар ауруынан жазылса, мен соған қатты қуанамын. Ауылдастарым аман болса екен деп тілеймін, – деп үнсіз қалды фельдшер.
Көпшіліктің алғысына бөленіп жүрген Тұрсын Қасымтайқызы сүйікті жар, аяулы ана, асыл әже. Ері Сайлаубай Есімханұлы Қалиев механизатор. Ерлі-зайыптылардың тұла бойы тұңғышы Ардақ халыққа қызмет көрсету орталығында заңгер-кеңесші, Қуанышы Качарда теміржолда бригадир, Лаурасы астанада фирмада қызметте, Ләйласы Рудный қаласындағы мектеп-гимназияда мұғалім, кенжелері Зарина Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының 3 курс студенті. Ұл-қыздарынан сегіз немере сүйіп отырған бақытты ата-әже.
«Жолыңды қуған балаларың бар ма?» – деп сұрап едім ол: «Жоқ, қыздарыма дәрігерлік мамандыққа барыңдар деп кеңес беріп едім. Олар болса жолыңды қуа алмаймыз, көріп жүрміз, жұмысың ауыр, күн-түні тыным жоқ деп бармады», – дейді ақырын ғана жымиып.
Елдің ыстық қошеметіне бөленген Тұрсын Асанова көп жыл бойғы адал еңбегінің жемісі ретінде алған мадақтамалары өз алдына бір төбе. Өз ісіне білгір маман, ауылдастары арасында абырой мен бе-делге ие болған жан туралы ауылдастарының жылы лебіз ұсынамыз.
– Елге қамқоршы Тұрсын Қасымтайқызының атына шын жүректен шыққан жылы лебізімді айтуыма болады. Науқас адамдарды жылы қабылдап, ақыл-кеңесін айтып, көңілін көтереді. Әсіресе, қыстың күні жүру қиын, көшелерді қар басып қалады. Боран күндері де, омбы қарды басып қайда шақырса да барады. Және де ауырып қалған ауылдастарының меселін ешқашан да қайтармайды. Хабар келді ме, үнсіз жүре береді, ешқашан ерінбейді. Ол үшін, ең бастысы, жұмысы бірінші орында тұрады. Біздің Таня өзінің еңбек демалысында да алысқа ұзап бара алмайды. Өйткені, оны науқас жандар үйінде күтеді. Сенбі-жексенбі күндері де демалыс жоқтың қасы, уақытпен санаспайды.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, ауырып алдына келсең, жылы қас-қабақ танытып, мейірімін төгіп сауығып кетуің үшін бар күш-жігерін жұмсайды.
«Баталы құл арымас» деген, шипалы алақаны, мейірімді жүрегі үшін алғысымыз шексіз, – деп жүрекжарды тілегін білдірді құрметті орманшы Қарасын Рахимов. Бұл лебізге негізгі мектеп басшысы Алмагүл Орынбаева, ардақты ана Бақытжамал Искакова, ардагер-ұстаздар
Амантай Жансүгіров, Қазина Сәулебаева, ауыл тұрғындары Дина Рахимова, Оразалы Лезбаев, мұғалім Қарлығаш Рахимова, көп балалы жас ана Нұргүл Кенжебекова және көптеген басқа да ауылдастары қосылады. Халық деген Құдайдың бір аты, еліне сыйлы болып, құрметке бөленіп отырған Тұрсын Қасымтайқызы туралы халықтың айтқан жылы лебіздерінен артық алып-қосарым жоқ. Еңбегі жемісті, өмірі ұзақ, ауылда-старын бақытқа кенелтіп жүре беруіне тілектеспін.
Жұмакүл ХАКІМЖАНОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31