Құсмұрын ауылының мектептерінің бірінде медиация кабинеті ашылды
Өткен оқу жылының соңында біздің облыстағы бес білім беру мекемесінде медиативтік мектептер құрылды. Солардың бірі – Құсмұрын №2 орта мектебі. Бұл жобаның басты мақсаты – аймақтағы бес медиативтік мектепте медиация орталықтарын құру және олардың жұмысын сынақтан өткізу.
Жоба аясында медиативтік мектептердің онлайн топтары құрылып, түрлі жағдайларға қатысты кейстер қарастырылатын болады.
– Бұл медиация мектебі оқушылар арасындағы түсініспеушіліктерді шешіп қана қоймай, достық пен өзара құрметке толы орта қалыптастыратын орын болады деп сенеміз. Медиация арқылы оқушылар жанжалдарды бейбіт жолмен шешуді үйреніп, бір-біріне қолдау көрсетуді, түсінушілік танытуды дағдыға айналдырады деген ойдамыз, – дейді Әулиекөл ауданының білім бөлімі Мектепке дейінгі бастауыш жалпы орта білім бөлімінің меңгерушісі Нұржамал Құлтаева.
Сонымен бірге, мектеп оқушылары жиналыстарда шешкен кейстер мен материалдар жинағы да жасалды. Құсмұрын №2 орта мектебінде арнайы медиация кабинеті ашылды. Ашылу салтанатына аудандық білім беру бөлімінің өкілдері қатысты. Медиация қызметіне жеті оқушы кіреді, олардың арасында 11-сынып және 8-сынып оқушылары бар.
– Ешкімге құпия емес, әрбір мектепте балалар арасында түсініспеушіліктер болып тұрады. Олар әдетте сөз таластан басталып, ақырында жанжалға, тіпті төбелеске ұласуы мүмкін. Мұндай жағдайлардың алдын алу және оларды бейбіт жолмен шешу үшін мектеп медиациясының маңызы зор. Медиациялық мектептер дәл осындай түсініспеушіліктерді шешуге бағытталған. Олардың басты мақсаты – балалардың арасындағы жанжалдарды тиімді түрде шешу, дауларды ушықтырмай, бейбіт жолмен реттеу. Медиацияның көмегімен оқушылар жанжалды өзара түсіністікпен және бір-бірін құрметтеу арқылы шешуге үйренеді. Бұл әдіс тек қақтығыстарды азайтып қана қоймай, балалардың қарым-қатынас жасау дағдыларын дамытады, агрессия мен зорлық-зомбылықтың алдын алуға көмектеседі, – дейді ерікті оқушылардың бірі Данил Киселев.
Жобаның қатысушылары мектеп медиациясы қызметі оқушылар мен мұғалімдер арасындағы қақтығыстар мен даулы мәселелердің санын азайтады деген үмітте. Сонымен қатар, бұл агрессивті және ассоциалдық мінез-құлықтың алдын алуға, коррекциялық жұмыстардың тиімділігін арттыруға және жалпы оқу орнындағы психологиялық ахуалды жақсартуға ықпал етеді деп күтілуде.
Құқық бұзушылықтардың санын азайтып, балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау саласында педагогтар мен ата-аналардың білім деңгейін көтеру де осы жобаның міндеттерінің бірі.
«Медиативтік мектептер» жобасы аясында қатысушылар арасында «Үздік волонтер-медиатор» байқауы өткізілмек. Бұл оқушыларға медиацияда өздерін сынап, дауларды бейбіт жолмен шешу дағдыларын дамытуға үлкен мүмкіндік береді.
«Медиациялық мектептердің қызметін ұйымдастыру» жобасы аясында Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша «Жанашыр бол» қоғамдық қоры арқылы жүзеге асырылуда.
Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген ИП СМАИЛОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31